8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Ғ. Сланов атындағы орта мектебінде «АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛЫ-АНА ДЕГЕН ҚҰДІРЕТ» атты салтанатты мерекелік концерт өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне арналған бұл кеш – аналар мен аруларға деген құрметтің, нәзік жандылардың қоғамдағы орны мен еңбегін дәріптеудің жарқын көрінісіне айналды.
Кеш жүргізушілері жиналған қауымды көктемнің көрікті мерекесімен құттықтап, әйел-ананың қоғамдағы қадір-қасиеті туралы жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Олар өз сөздерінде ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, қоғамның ұйытқысы екенін атап өтіп, аналарға деген құрметтің әрдайым биік екенін айтты.
Салтанатты жиында мектеп директоры С. Урбисинов пен кәсіподақ төрайымы Динара Шаңова сахна төріне көтеріліп, барша аналар мен қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Сондай-ақ қоғам өміріне белсене араласып, түрлі салада адал еңбек етіп жүрген бірқатар нәзік жандылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік концерт барысында өнерпаздар аналарға арналған әсерлі әндер мен жырларды тарту етті. Мың бұралған бишілер, күмбірлеген күйшілер мен сахналық қойылымдар көрермен қошеметіне бөленді.
Көктемнің шуақты мерекесінде өткен бұл салтанатты кеш аналарға деген шексіз құрмет пен ризашылықтың жарқын көрінісіне айналып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады деп білеміз.


